Жастар кітап оқи ма?

Қазақта «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Күш – білімде» деген ұлағатты сөздерді даналарымыз айтып кеткен. Ал білім мен күшті қайдан аламыз? Әрине, кітаптан.

Кітап – досың, сырласың, ақылшың. Кітап оқи отыра өмірлік сабақ та аласың, дана да боласың.

Қазіргі XXI ғасырда, әрине кітап оқылады. Бірақ интернет өзінің басымдылығын міндетті түрде көрсетеді. Жас өспірімдердің 5 – 6 сағат компьютердің алдында отырып, кітапты сабаққа қажет кезде ғана оқуы да осыдан.

«Жастар кітап оқиды ма, әлде мүлдем оқымайды ма? Қандай кітаптарды ұнатады? Зиялылар жазып кеткен мұралар архивте құр босқа, шаң басып жатыр ма? Әлде жан ашыр жастар әлі де болса бар ма? Не себептен жастар орыс кітаптарын ұнатады?» деген сұрақтарға жауап іздеген едік…

Ұлан Жармұхамедов – ҚазҰУ – дың экономика және бизнес факультетінің 2 курс студенті (19 жас):

Мен кітап оқығанды жақсы көремін, осы уақытқа дейін 40 – 50 шақты кітап оқыдым. Бірақ осы кітаптардың 70 % – ы орыс тіліндегі кітаптар. Қазақтың сөздері өте ауыр және астарлау көп, сол себепті маған қазақ кітаптарын түсіну қиынға соғады. Менің талғамым психологиялық кітаптар, ал қазақ тілінде мұндай кітаптар өте аз, тіпті жоқ десе де қателеспеймін. Соңғы оқыған кітабым, психологиялық кітап – П.Коэльо «Алхимик». Бірақ болашақта, баламды қазақ кітаптарын оқуға бейімдеуші едім, себебі мұндайға баланы жастайынан үйрету керек. Менің ойымша қазіргі таңда кітап оқитын, қазақша кітап оқитын жастар өте аз. Себебі, интернет бар емес пе?

Ақбота Әділова – Қазақ Мемлекеттік Халықаралық тілдер қатынасы және Әлем тілдер университетінің филология факультетінің 1 курс студенті (20 жас):

Соңғы оқыған кітабым – «Абай жолы». Мектепте оқып жүргенде оқығанмын. Негізінен кітап оқығанды ұнатпаймын да, оқымаймын да. Сабаққа байланысты кітаптарға ғана көз жүгіртемін. Шынымды айтсам, кітап оқуға уақытым жоқ. Керек информацияны интернеттен де алуға болады.

Зарина Култассова – ҚазҰУ – дың мерзімді баспасөз кафедрасының 1 курс студенті (18 жас):

– Мен орыс тіліндегі кітаптарды оқығанды ұнатамын. Себебі, қоршаған ортам орысша сөйлейтін және достарымның барлығы орыс тілді, сол себепті орыс тілінде оқыған жеңілірек. Қазақша ұсынылатын кітаптардың барлығы өткен ғасырдың адамдарының жазған дүниелері. Қазіргі таңдағы атақты, қызықты жазатын жас жазушыны көрсетіңізші! Барлығы да ескі стиль, ескі кітаптар. Жастардың өмірін айқын көрсетіп, психологиялық көмек беретін жас жазушылар бар ма екен өзі? Ал мен мұндайларды білмеймін. Американдықтар көбінесе психологиялық кітаптар жазады, олар осынысымен ұтады. Мен мысалы С. Ахернді ұнатамын. Қазір «P.S. я тебя люблю» деген кітабын оқып жатырмын. Менің ойымша, жастар қазақша кітап оқиды, бірақ орташа есеппен 40 % – ы ғана. Себебі заман сондай. Ал балаларымды қазақша оқытамын, себебі мен не десе де қазақпын ғой!

Зифа Искакова – Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бизнес факультетінің 3 курс студенті (20 жас):

– Қаным – қазақ, тілім – қазақ, ұлтым – қазақ! Неге мен өзге тілдегі кітаптарды оқуым керек? Менің осы уақытқа дейін оқыған кітаптарымның барлығы қазақ тілінде. Әрине, сабаққа байланысты орыс тіліндегі кітаптарды оқуға тура келеді, ал әдеби кітаптар қазақша. Соңғы оқығаным Захир ад – дин Мұхаммедтің – «Бабырнама» кітабы. Қазақ зиялылары жазып кеткен кітаптардан өмірлік сабақ та аласың, мінез – құлық та қалыптастырасың.

Олжас Оқасов – ҚазҰУ – дың журналистика факультетінің 1 курс студенті (18 жас):

Журналистика факультетіне түсу үшін емтихан тапсырдық. Соның барысында С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» атты туындысын амал жоқтан оқи бастадым, бірақ артынан жақсы көріп кеттім. Осы кезден бастап қазақ туындыларына деген сүйіспеншілігім артты және де сол кезден бастап менің талғамым да өзгерді. Қазір өткен ғасырдың, зиялылардың туындыларын ұнатамын. Оқитын кітаптарымның басым көпшілігі қазақ тіліндегі кітаптар. Адамға бір нәрсені жақсы көріп кету үшін, аз ғана қысым болса жеткілікті екен.

Бұл өмірде қанша адам болса, сонша түрлі талғам бар, мұнымен дауласудың да қажеті жоқ. Психологиялық кітаптар аз деп жатыр, ал Ж.Аймауытовтың «Психология» кітабы ше? Тіпті, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы толған психология емес пе? Оны Ерболдың алғашқы ғашығы Салиманың анасы Салимаға айтқан сөзінен байқауға болады:

«… Еркектің көңілі құбылмалы болады. Мысықты кім арқасынан сипаса, ол соған қарай сүйкеніп, пырылдап алдынан түспей қоймай ма? Еркек те сол сияқты» дейді. Тағы да бір үзіндісінде: « … әйелге керек үш негізгі қасиет бар, ағай. Олар: еңбекшілдік, ақылдылық, сұлулық» дйді Меңтай Ерболға. Осыдан асқан қыздарға қандай психологиялық көмек қажет? Қандай кеңес қажет?

Біз төл дүниемізді ешқашан қазбаламаймыз, себебі «өзіміздікі ғой» деп қабылдаймыз. Егер әр туындыны ақтаратын болсақ, тереңнен қазсақ біздің кез келген дүниеміз өзгеден артық болмаса, кем түспейді.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейі даналар. Бұл сөзді кітаппен де байланыстыруға болады. Өзге елдің әдебиетімен танысу керек, оларды құрметтеу де қажет. Бірақ қазақи шығармаларды ұмытпағанымыз абзал! Ал жастардың кітаптарды қаншалықты оқып немесе оқымайтынын, оқыса нені оқитынын өзедеріңіз байқаған боларсыздар…

6 пікір (+add yours?)

  1. Максат
    Қаз 27, 2010 @ 13:49:07

    Ол ол ма алдында Асыл арна телеканалында экс-опроспен көшеден журналист адамдардан сұхбат алып жатыр. Сонда бір қыздан, – Кітап оқисызба? – деп сұрап еді, қызымыздың жауабы, – Қазір кітап оқу кезеңі бітті деп ойлаймын. – деп салып қалды. Қайдағы кезеңді айтып тұр ол. Қайдағы…

    Жауап беру

  2. meirzhan
    Қар 03, 2010 @ 21:45:01

    Жауаптардың арасында шындық қылт еткендей. Қазіргі уақытты жазатын жазушылар қайда деді емес пе. Бірақ адамдардың эмоциясы өткен заманда да, қазір де бірдей. Сондықтан қиял арқылы-ақ кітаптағы оқиғаны қазіргі уақытқа сай қабылдауға болады.

    Жауап беру

  3. салтанат
    Шіл 28, 2011 @ 22:44:37

    Салем! казак тілінеде жазылған кітаптар баршылық оны оқитын оқырман көп болса тіпті керемет болар еді. Мен орыс тілінде жазылған кітаптарды оқимын, себебі олар арзан. Көбінде отандық жазушы болғанына назар аударамын. Салыстыру, тану, білу мақсатында европалық жазушыларды оқимын.

    Жауап беру

Пікір қалдыру